29 тамыз күні Нұржол гүлзарында ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ұрпақтар рухы» атты флешмоб ұйымдастырылды. Мерекелік шараға елордадағы үш ауданнан келген зейнеткерлер немерелерімен бірге, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің №2 өнер мектебінің оқушылары қатысты.



Іс-шараның шымылдығы «Біз елдің болашағы» әнімен ашылды. Әнді «Балдәурен» хоры, жетекшісі Гаухар Сатаева бастаған өнер мектебінің оқушылары орындады. Көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлаған әннен кейін, «Ұрпақтар рухы» флешмобы басталды. Онда үш ауданнан келген зейнеткерлер жас буын өкілдерімен бірге «Дала рухы» әнінің әуенімен билеп, мерекелік көңіл күйді одан әрі асқақтатты.



Іс-шараның басты мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу, аға буын мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайту болды. Флешмобтың хореографиялық жетекшілігін Есіл ауданының өнерпазы Айнұр Райымбекова атқарды. Жиналған жұртшылық Конституция күні мерекесін ән мен биге ұласқан қуанышты шара аясында атап өтті.



