Ата Заңымыздың 30 жылдығына орай Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерлі ата-әжелері 30-31 тамыз күндері қала тұрғындарына мерекелік концерт ұсынып, 150-ден астам зейнеткерлер өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, «Ата заң – Тәуелсіз ел тұғыры» атты мерекелік концертте елордалық ақ жаулықты әжелер түрлі ою-нақыштар бейнеленген ұлттық киімдердің сән үлгісін көрсетті. «Ғасырлар сазы» фольклорлық ансамблі «Керім-ау, айдай» халық әнін, «Әдемі» ансамблінің әншісі Гүлбаршын Матаева «Бұлбұл», «Қырманға кел қалқатай» әндерін шырқап, концерттің көркін қыздырды. Сондай-ақ «Есіл толқындары» ардагерлер ансамблі «Арайлы Астана» әнін орындады. Айнұр Райымбекова бастаған «Жаңа толқын» би клубының биші әжелері «О, мадам» көңілді қыздар биін ұсынды.



Ал, 31 тамызда өткен «Бірге мықтымыз!»: елордада қалалық қауымдастық фестивалінде Орталықтың би ұжымдары концерттік бағдарламасын ұсынды. Елордадағы «Beeline Арена» орталығында «Бірге мықтымыз!» атты ұранмен өткен мерекелік кеште Алматы мен Нұра ауданынан жиылған би өнерпаздары келушілерге мәдени кеш сыйлап, ерекше қойылымдарымен көрермендерін тәнті етті. Концерттік бағдарламада аудан ардагерлерінен құралған би топтары түрлі ұлттық би билеп, өнер көрсетті. Айталық, бірнеше халықаралық конкурстардың жеңімпазы, Нұра ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің «Қыздарай» би тобы қазақ даласының сұлулығына жетелейтін, ұлттық нақышты көрсететін «Тамаша» биін орындады.

Ал Алматы ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің бишілері махаббат пен үйлесімділіктің символына айналған «Звездный вальс любви», «Танец выходного дня» биін көпшілікке ұсынды. Мұнымын бірге Нұра ауданының өнерпаздары Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әніне ұлттық өнер мен заманауи хореография үйлескен қойылым ұсынды. Қазақтың көнеден жеткен қазынасы «Қара жорға» биі жиналушылардың қошеметіне бөленді.


Сонымен қатар, Алматы ауданының арт-терапия үйірмесінің жәрмеңкесі өтіп, қолөнер шеберлері өз бұйымдарын ұсынды. Екі күндік мерекелік концертте Айкүне мен скандинавиялық серуенге қатысатын ата-әжелер қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, спорттық қойылым көрсетті. Сарыарқа мен Байқоңыр ауданының спортшы ата-әжелері мерекелік флэшмобқа қатысты.


Мерекелік концерт елорда тұрғындары мен қала қонақтарының көңілінен шықты.



