Сарыарқа ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата Заң – Тәуелсіз елдің тірегі» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік кештің басты мақсаты – Конституцияның қоғамдағы рөлін айқындап, оның ел бірлігін, тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызын дәріптеу, сондай-ақ орталыққа қатысушылардың бойында патриоттық сезімді нығайту болды.


Шара ҚР Конституциясына арналған бейне-композициямен басталып, дәстүрлі «Шашу» биімен жалғасты. Әжелер шашу шашып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Салтанатты жиында бөлім басшысы Кенжеболат Сапарұлы сөз сөйлеп, Конституция күнінің тарихи мәніне тоқталды: – Бүгін біз барлығымыз үшін ерекше күн – Қазақстан Республикасының Конституция күнін атап өтудеміз. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, демократиялық даму жолын айқындады. Ата Заңымыз әрбір қазақстандықтың құқығы мен еркіндігін қорғап, бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепіліне айналды. Сол тарихи күннен бері халқымыздың бірлігі артып, еліміз әлемге танылды. Бұл – бәріміздің ортақ мақтанышымыз, – деді ол.


Мерекелік бағдарлама барысында орталықтың өнерлі зейнеткерлері туған жерге және Отанға арналған әндер орындап, патриоттық өлеңдер оқып, ұлттық билер биледі. Әрбір өнер нөмірі олардың елге деген ыстық ықыласы мен жүрекжарды сезімін паш етті.


Кеш соңында «Достық биі» қойылып, түрлі ұлт өкілдерінің өнері арқылы Қазақстанның көпұлтты бейнесі мен қоғамдағы татулық көрініс тапты. Мерекелік концерт бейбітшілік пен бірліктің символына айналған осы әсерлі биімен қорытындыланды. Іс-шараға орталық директорының орынбасары Қарабатыров қатысты.



