2025 жылдың 31 шілдесінде Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай жыры – мәңгілік мұра» атты поэзиялық-музыкалық кеш өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Абайдың мол рухани мұрасын ұлықтау, аға буын өкілдерінің шығармашылық әлеуетін танытып, олардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру болды.

Кеш аясында Абайдың өлеңдері, әндері және қара сөздері шынайы ықыласпен орындалып, әрбір қатысушы поэзия арқылы жүрекпен сөйлей алды. Сахна төрінде Абай бейнесінде Ділдәбек ақсақал мен күйші Кенжебек ата рухани көріністі әсерлі бастап берді. Кеш барысында Абай шығармаларын үш тілде оқыған қатысушылар да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.


Ақын ұрпағы Сырғагүл Дутбаева сахнаға шығып, Абайдың өміршең рухының бүгінгі ұрпақпен жалғасып келе жатқанын дәлелдеді. Кеш көрермендеріне ол — Абайдың Дүтбай ұлынан тараған келіні екенін айтып, ақын мұрасына деген ықыласын жеткізді.

Марапаттау сәтінде Сырғагүл апа «Абай мұрасын насихаттаушы үздік өнерпаз» аталымын иеленсе, Алматы ауданынан Еркін Касенов — «Үздік көркем оқу» номинациясының жеңімпазы атанды. «Мәнерлі жеткізе білгені үшін» марапаты Нұра ауданынан келген Мұқанов Жұмағатқа берілді. Сарыарқалық Бахтина Қаныша мен Бақтыгүл Жолдыбаева — поэзияны ерекше сүйіспеншілікпен орындағаны үшін марапатталды.

Ән бағыты бойынша Ермек Тұрлыбаев, Алматы ауданының тұрғыны, жүрекпен орындаған әні үшін марапат алса, «Замандастар» тобы — «Үздік вокалдық шеберлік» аталымының иегері атанды. «Көркем орындау» номинациясы Назигүл Омарғалиеваға берілді.

Бұл кеш – алты ай бойы дайындықпен келген зейнеткерлер үшін үлкен рухани қорытынды болды. Абай мұрасын өлеңмен де, әнмен де ұлықтаған бұл сәттер — ұлт жадысындағы алтын көпір. Абай өткеннің емес, мәңгіліктің үні. Ал оның мұрасы халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталары анық.



