15 қаңтарда Есіл ауданды бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде ардагер журналист, баспасөз саласының үздігі Қарлығаш Құспанның 80 жас мерейтойына арналған бенефис-концерті өтті. БҰӨСО-ның Есіл ауданына қарасты филиалының белді мүшесі Қарлығаш Бәкенқызы «Есіл толқындары» халықтың ардагерлер ансамблінің режиссері ретінде танымал, замандастары ортасында сый-құрметке ие. Телевизия саласының майталманы, ҚР Мәдениет және өнер саласының үздігі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қ. Құспанның мерейтойлық концертіне өнерде жүрген замандастары, қалалық әкімдік пен Есіл аудандық әкімдігінің өкілдері, Ардагер кеңесі мен БҰӨСО-ның басшылығы жиналды.Туған күн иесін Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, Есіл аудандық әкімдігі әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Назгүл Ахметова және біздің Орталықтың директоры Мұхтар Еркетаев құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Кеш қонақтары Қарлығаш Бәкенқызына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстап, гүл шоқтарын сыйлады. Бенефис-шоу барысында Қ. Құспан өзі өнер көрсететін «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблі өнерлерін ортаға салып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұжымы Қарлығаш Бәкенқызын 80 жасқа толу – мерей тойымен шын жүректен құттықтап, ғұмыр бойы істеген ерең еңбегі мен еліміздің дамуына қосқан зор үлесін жоғары бағалайды. Ардагер журналистің шығармашылықтан қол үзбей, әлі де мазмұнды туындылар жазатынына сенімдіміз.
ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АҚПАРАТТЫҚ ІЛГЕРІЛЕТУ БӨЛІМІ



